Шымкентте кәсіпкерлер жер сипап қалуы мүмкін

537

Департамент қала бойынша заң талаптарын бұза отырып берілген 300-ге жуық жер телімін анықтаған.

Шымкентте кәсіпкерлер жер сипап қалуы мүмкін Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімдіктен ұзақ мерзімге жерді жалға алып, іс бастаған қырықтан астам бизнес өкілі дымсыз қалуы мүмкін. Өйткені, бір кездері жергілікті билік арқылы берілген жерді қазір өзге өкілетті орган сот арқылы кері қайтарып алуда. Соның кесірінен, оған бірнеше жыл бұрын қаржы құйған азаматтар сан соғып қалуда. Мәселен, жеке кәсіпкер Нұржігіт Мұталов осыдан екі жыл бұрын әкімдіктің жобасына қатысып жер телімін алған. Кейін бизнес жоспар түзіп "Даму" қаржы ұйымынан 10 млн теңге несие рәсімдейді. Бар қаражатын кәсібін өркендетуге жұмсаған. Бірақ, биыл қалалық сот өздеріне түскен талап-арыз бойынша оның тез тағам дайындайтын дүңгіршегін бұзуға шешім шығарған.

 "Ол жерде қаланың әкімінің қаулысы не болды? Ол жердегі қаншама құжаттар не болды? Ол жерде халық қалаулылары мәслихатта қаралған дейді. Сол бойынша рұқсат берілген дейді. Алғанға дейін заңды болып келді да. Біз алып жұмыс жасаймыз заңсыз болып қалады екен", - дейді кәсіпкер Нұржігіт Мұталов.

Негізінде кәсіпкерлерге тиесілі жерлерді мемлекетке қайтару туралы сотқа талап-арызды жер ресурстарын басқару департаменті түсірген. Олардың айтуынша қала әкімдігі о баста жерді заңсыз берген. Департамент қала бойынша заң талаптарын бұза отырып берілген 300-ге жуық жер телімін анықтаған. Енді барлығын сот арқылы мемлекет меншігіне қайтармақ. Ал, кәсіпкерлерге келген шығынды кім өтейтіні әзірге белгісіз.

"Бұл жерде аукционның талаптары бұзылып отыр. Себебі, ол жерде инновациялық жобаларға жатады деп айтылған.  Kадастрлық құны шамамен 4 млрдтың үстіндегі ақша. Егер оны аукционға шағарып сатқанда екі есе бюджетке түскен болар еді. Яғни бұл әкімдік тарапынан жіберіліп жатқан заңсыздықтар болып есептеледі", - деді Қалалық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдіразахов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу