25 қазан – Республика күніне арналған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов және басқарма басшылары, мердігер компанияның жетекшілері қатысты.
"Бұл жолайырық былтырдан бері техникалық түрде ашылып, қала тұрғындары пайдаланып келеді. Жобаға қосымша жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып, айнала абаттандырылды. Бұл – мегаполистегі ірі жобаның бірі. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Ұлттық мерекеміз құтты болсын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын!" – деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі бастаған топ шынар ағашының көшеттерін егіп, жолайырықпен кеңірек танысып, жаяу жүргіншілер арналған өткелдермен жүріп көрді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері берген мәліметке сәйкес, қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жолайырықтың құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталды. 2021 жылдың соңында, көлік кептелісін азайту мақсатында, техникалық тұрғыда көлік қозғалысы үшін ашылған болатын.
Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесі қиылысындағы жолайрық тәулігіне 66 мың көлікті өткізеді.