Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада жоғары технологиялық нейрохирургиялық операциялар пациенттерге тегін жасалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты эндоваскулярлық операция жасалды. Мұндай емнің құны 6 млн теңгеден асады. Алайда медициналық көрсетілімге сәйкес операция пациентке тегін жүргізілген.
Науқас ұзақ уақыт бойы қатты бас ауруына шағымданған. МРТ нәтижесінде ми тамырынан аневризма анықталған. Дәрігерлер ашық операцияның орнына эндоваскулярлық әдісті таңдаған. Арнайы құрал қан тамыры арқылы енгізіліп, аневризмаға стент орнатылды.
Операцияны нейрохирург Еркін Медетов жасаған. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында.
Мамандардың айтуынша, жоғары технологиялық медициналық көмек аясында қажетті медициналық көрсетілім болған жағдайда мұндай күрделі операциялар пациенттерге тегін көрсетіледі.