Шымкентте Құрбан айтта балаларға тәттілер, мыңдаған отбасыға ет таратылады

705

Құрбан айтты кең көлемде тойлауға екі жыл қатарынан пандемия кедергісін келтіріп еді. Бұл жолы Шымкентте сол олқылықтың орны толтырып, барынша сәнді де мәнді етіп атап өткелі жатыр. 

Шымкентте Құрбан айтта балаларға тәттілер, мыңдаған отбасыға ет таратылады

Мегаполистің бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов бізге берген сұхбатында қаладағы Қарату ауданына қарасты Бозарық тұрғын үй алабында үлкен Хала қасапхана ашылатынын мәлімдеді. Осы үш күндік айтта "Раббың үшін құрбан шал" акциясы аясында мыңдаған тұрмысы төмен отбасыларға құрбандық малының еті үлестіріп беріледі. Бүгінгі таңда қалада жағдайы төмен 30 мың отбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы өкілдігінде тіркеуде тұр, ал былтыр мешіт қызметкерлері 4 мың отбасыға құрбандық малының етін таратқан. 

Сонымен бірге бас имам республикалық Зекет қорының қаладағы филиалы арқылы да тұрмысы нашар жандарға әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. Құрбан айт мерекесінде шымкенттік бүлдіршіндер де сыйлықтан құр қалмайды. 

– Өткен Ораза айында Рамазан тәттілері деген азық-түлік себетін мұқтаж жандарға таратқан болатынбыз. Осы дәстүрге сай әрі Балалар жылына орай алдағы Құрбан айт мерекесінде де балаларды түрлі тәттілермен қуандырамыз. Біздің қызметкерлер мешіттерде, саябақтарда, тіпті балабақшаларға барып балалар жақсы көретін тәттілерді тарататын болады, – деді қаланың бас имамы Б.Әбдірахманов.

Шымкентте орталық мешіттің қолға алуымен құрбандық шалу рәсіміне қатысты Qurban 2022.kz сайты іске қосылды. Оған құрбандық шалуға ниеті бар азаматтар да, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар да бірдей тіркеле алады. Құрбандық шалушы адам сайтта өзінің ватсап желісіне қосылған телефон нөмірін қоса қалдырады. Құрбан айт күні мешіттің 39 қызметкері сол өтініш иесінің атынан мал шалып, оны видеоға түсіріп, өзінің қалдырған ватсап желісіне жүктейді. 

Бүгінгі таңда мегаполистегі көпқабатты үйлердің ауласына құрбандық шалуға тыйым салынған. Сондықтан мұсылмандар діни өкілдігі қаладағы орталық мешітпен қоса тағы үш мешіттен санитарлық талаптарға сәйкес құрбандық шалу алаңдарын дайындап қойды. Ол Қаттани, Әл-Біләл және Байғұт баба мешіттері.

Айта кету керек, құрбандық шалу әрбір балиғат жасына жеткен, алыс жолға сапар шекпеген, қолындағы дүние-мүлкі нисап мөлшерінен (85 грам алтын немесе 1,4 млн теңге) асқан әрбір мұсылман адамға уәжіп саналады. Сондай-ақ Құрбан айттан бір күн бұрын, яғни Арапа күні қажылыққа бармаған адамдарға ораза ұстаған абзал. Хадиске сәйкес кімде-кім сол күні ораза ұстаса бір жыл бойғы күнәлары кешіріледі екен. Жалпы құрбандық малына түйе, қой мен ешкі және мүйізді ірі қара жатады.  

Әнуар Жұмашбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу