Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Миклош Иштванмен және Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Баранимен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда тараптар екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық мақсатындағы бірлескен жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Аграрлық салаға бейім Оңтүстік Қазақстан облысы венгрлік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Аймақ басшысы елшілік өкілдеріне осы артықшылықтар туралы жан-жақты баяндап берді.
Кездесуде сөз алған Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Келелі кездесуден кейін екі тараптың қатысуымен Венгрияның Шымкент қаласындағы консулдығының ашылу салтанаты өтті. Жаңадан ашылған өкілдік алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, тауар айналымы ұлғайып, инвестиция тартуға да септігін тигізбек. Венгрияның Қазақстанағы Құрметті консулы болып "OTAU Group" компаниясының президенті, белгілі меценат Қайрат Молдасейітов тағайындалды.
Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Миклош Иштван мырза Қайрат Молдасейітовке Құрметті консул қызметін атқару патентін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар екі елдің өкілдері Құрметті консул декларациясына қол қойды.