Былтыр медицина саласындағы жемқорлықтың жартысынан көбі Шымкентте тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы жемқорлық фактілері ең көп тіркелген салалар – білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салалары. Былтыр елімізде 1600-ден астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс анықталды. Бұл істер бойынша 1493 адам жауапқа тартылды. Олардың 299-ы – түрлі ведомство басшысы. Тергеу нәтижесінде 914 адам сотталды, оның ішінде 326 адам бас бостандығынан айырылып, 434 адамға жалпы көлемі 6,1 млрд теңге айыппұл салынды", – деді Д.Бекайдаров.
Ал денсаулық сақтау саласында 2024 жылы 7 адам жемқорлық дерегі бойынша сотталған. Оның 4-еуі Шымкентте тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары хабарлады.
"Былтыр денсаулық сақтау саласында жемқорлық бойынша 7 адам сотталды. Оның ішінде 4-еуі – азаматтық қызметкер, 2-еуі – мемлекеттік қызметкер, 1-еуі – мемлекеттік қызметкерге теңестірілген тұлға. Жемқорлықтың 4 фактісі Шымкент қаласында, қалған деректер Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарында тіркелді", – дейді министрлік мамандары.
Ведомство өкілдері нақты қандай жемқорлық деректерінің жиі тіркелгенін де айтты.
"Денсаулық сақтау саласының мамандары мемлекеттік қызмет көрсету және лицензиялар беру кезінде жемқорлыққа жиі жол береді. Одан бөлек заңсыз келісім жасау деректері де көп тіркеледі", – дейді.