Шымкент қаласында мектептің бас бухгалтері аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы мемлекетке 451 173 978 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген.
Сотта әйел кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініш білдірді және жазаны өтеуді кейінге қалдыруды сұрады. Сот оның өтінішін қабылдап, кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді.
Сот әйелді Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.