Шымкентте ұлттық бірыңғай тестілеуді әдеттегідей талапкерлер емес, мектеп мұғалімдері тапсырып жатыр. Ел аумағында алғаш рет қолға алынған тестілеуге тек 11 сыныпқа білім беретін педагогтар қатысуда, деп жазады otyrar.kz.
Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, мемлекеттік сынаққа қатысқан ұстаздың әрбір жауабы да сол мезетте арнайы жүйе бойынша Қазақстанның білім және ғылым министрлігіне жолданады. Яғни, тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі жоқ.
"Негізгі мақсат — озат, білімді ұстаздарды анықтау. Сөйтіп, арнайы топ жасақтау. Көшбасшы шәкірттерді үздік, білікті педагогтар оқытуы керек деп ойлаймын. Мұғалімдер егер тестілеуден шектік баллды жинай алмай немесе өте төмен жинаса, арнайы оқу-жаттығу тобы ашылып, қайта даярлау курстарынан өтеді. Бірақ бұл — тестілеуден төмен көрсеткіш көрсеткендер жұмыстан шеттетіледі деген сөз емес, тек білімін жетілдіреді", – деп атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Мемлекеттік сынақты тапсырушылар сапынан биыл жұмысқа қабылданған жас мамандар да бар.
Мұғалімдердің мемлекеттік тестілеуді тапсыруы ел аумағанда, оның ішінде Шымкентте тұңғыш рет қолға алынып отыр. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының сөзіне сенсек, тестілеуге шаһарамыздағы барлық мектептің мұғалімдері жұмылдырылады. Және 11 сыныпқа дәріс беруші әр ұстаз өз пәнінен мектеп бағдарламасы бойынша ұсынылатын 30 сұраққа жауап бергеі тиіс. Бұл үшін 45 минут уақыт беріледі. Ал сынақтан сүрінген педагогтар үшін жаңа жоба қолға алынбақ.
Бүгінде Шымкентте 129 мектеп бар. Білім ұяларында 14 мыңнан астам педагог қызмет етсе, оның 1955-сі 11 сыныптарға сабақ береді. Айта өтетін ақпар, мемлекеттік сынақты әзірге арнайы тестілеу орталықтарында күніне 420 мұғалім тапсырып жатыр. Ал тестілеу науқаны аптаның соңына дейін жалғасады.