Шымкентте мұнай өңдеу зауытының аумағында ұрлық жасағандар ұсталды

288

Қаражаттың көлеңкелі айналымы 1 миллиард теңгеден асады.  

Шымкентте мұнай өңдеу зауытының аумағында ұрлық жасағандар ұсталды Фото: polisia.kz

Полиция Шымкентте мұнай өңдеу зауытының аумағынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

7 қаңтарда Шымкент қаласының полиция департаменті жедел іс-шаралар нәтижесінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару арнасын ұйымдастырған адамдар тобын ұстады.

Қылмыстық схемаға мұнай өңдеу зауытымен байланысты кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері тартылып, олар мегаполис тұрғындарымен сөз байласқан. Ұрланған отынды қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға тиесілі бірнеше базаның аумағында сақтау және сату фактілері анықталды.

Тінту кезінде үлкен көлемде ақша, 17 тоннадан астам жанар-жағармай, отынды сақтау және айдау құралдары, сондай-ақ бірнеше автокөлік цистернасы тәркіленді.

Барлық күдікті ұсталып, аса ірі көлемде ұрлық фактісі бойынша тергеу басталды.

Қылмыстық іс аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабандаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Болған жайтқа қатысты "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі түсініктеме берді. Компания ұрлық "Шымкент Мұнай Өнімдері" АҚ жеке компаниясында болғанын мәлімдеп отыр.

"Шымкент МӨЗ ("ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС) аумағынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасының жолын кесу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз", – делінген ҚМГ мәлімдемесінде.

Онда Шымкент МӨЗ аумағынан мұнай өнімдерін айдау тапсыру-қабылдау актілерін міндетті ресімдей отырып, нұсқаулыққа сәйкес қатаң түрде жүргізілетінін атап өтті. Барлық процестер бақылаушы органдар үшін автоматтандырылған және ашық екенін хабарлады.

"Мұнай өнімдерін жөнелту теміржол көлігімен, сондай-ақ, құбыр арқылы "Шымкент Мұнай Өнімдері" АҚ жеке ұйымына ұсынылған өтінімдер негізінде ғана жүзеге асырылады.

Айта кетейік, мұнай өнімдерін ұрлау туралы жарияланымдарда сөз болып отырған "Шымкент Мұнай Өнімдері" жеке компаниясы "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (Шымкент МӨЗ) құрамына кірмейді және зауыт аумағынан тыс жерде орналасқан", – деп мәлімдеді "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу