Салтанатты іс-шара еліміздің әр өңірінің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды.
Одан соң аталған ипподром құрылысын жүргізген BI GROUP компаниясының президенті Айдын Рахымбаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке ипподром символы болып саналатын тағаны табыстады. Шараның ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов арнайы келді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
"Бүгін қаламыз үшін ерекше қуанышты күн. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ашылған керемет ипподром шымкенттіктер үшін елеулі жаңалық екені белгілі. Осынау ипподромның құрылысын жүргізген BI GROUP компаниясына, сондай-ақ бүгінгі шараға арнайы келіп, ат салысып, ұлттық спортымызды дәріптеп, дамытуына үлес қосып жүрген Ұлттық спорт қауымдастығына алғысымды білдіремін",- деді Мұрат Әйтенов.
Мерекелік күні еліміздің дәстүрлі және эстрада жұлдыздары Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап өнер көрсетті.