"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалы мемлекеттік сатып алу порталында жүргізген мониторинг арқылы жалпы құны 178 млн теңге болатын сатып алудың негізсіз жүргізілгенін анықтаған.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің "Еңбек" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты "Еңбек-Шымкент" филиалы бірнеше жеке кәсіпкерлерден азық-түлік сатып алу үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының 39-бабының 3-тармағы 29-тармақшасын негізге алған.
Аталған кәсіпорын азық-түлік өнімдерін сатып алуға негізсіз тапсырыс беруші бола отырып, сонымен бірге тиісті тізбелерге қатысы жоқ жеке кәсіпкерлермен келісім-шарт жасасқан. 4 келісім шарттың жалпы құны – 178 779 669 теңгеге бағаланған.
Бұл орайда "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалы анықталған заң бұзушылықтар бойынша Шымкент қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арыз жолдағанын айтады.
"Аталған арыз негізінде Ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиттік тексеріс тағайындап, аталған заң бұзушылықтарды растады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аталған мекемеге тиісті шара қолдану мәселесі қарастырылуда", – дейді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалының жетекшісі Айжан Кесебаева.
Филиал жетекшісінің айтуынша, аталған бап бойынша бір көзден тікелей шарт жасасу негізіне қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің мемлекеттiк кәсiпорындары өндiретiн, орындайтын, көрсететiн тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi сатып алу жатады. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң тiзбесi мен көлемiн, сондай-ақ мұндай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынатын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мемлекеттік кәсiпорындарының тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №79 қаулысымен бекітілген.
"Аталған қаулыға сәйкес өндіретін, орындайтын, көрсететін тауарлары, жұмыстары, қызметтері сатып алынатын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мемлекеттік кәсіпорындарының тізбесінде "Еңбек-Шымкент" филиалы көрсетілмеген. Сонымен қатар Заңның 39-бабы 3-тармағы 29-тармақшасы негізінде "Еңбек" шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемелер аталған тізбеге сәйкес тек өнім беруші ретінде мемлекеттік сатып алу қатысушысы болып табылады делінген", – деп түсіндірді Айжан Кесебаева.
Ая ӨМІРТАЙ