Шымкентте алаяқтық жолмен бизнесмендерден ақша жасамақ болған Нигерияның 2 азаматына бүгін сот үкім оқыды. Қара құрлықтан келген жігіттер енді 3 жыл 9 ай бойы Қазақстан түрмесінде отыратын болды.
Шымкентке келіп, ел экономикасына үлкен ақша құямыз деген желеумен кәсіпкер іздеген екеу көп ұзамай, жергілікті іскер азаматпен танысқан. 16 мың доллар әкелсең сиқыр мен химияның көмегімен қара қағаздан АҚШ ақшасын жасаймыз деп сендірген олар кәсіпкерді тіпті пәтеріне де әкелген.
Қара қағазға сұйықтық құйып, оны мұздатқышқа салып, кәсіпкер сыртқа шыққанда қағазды ақшаға ауыстырып отырған. Әуелде сеніп қалған бизнесмен, ауызбастырық ақшаны да әкелмекші болған екен.
Кейін ғаламтор арқылы африкалықтардың арасында мұндай алаяқтықтың кеңінен тарағанын оқыпты. Ұсталған екі азаматтың ісі 5 ай тергелді. Алғашында оларға 5 жыл жаза кескен судья, рақымшылық заңы бойынша жазасын 3 жыл 9 айға дейін жеңілдетті.