Шымкентте оқушылардың улануы: Министрлік олимпиаданы өткізу форматына қатысты пікір білдірді

531

Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматы өзгереді.  

Шымкентте оқушылардың улануы: Министрлік олимпиаданы өткізу форматына қатысты пікір білдірді Фото: facebook/Шолпан Каринова

Оны өңірлерде өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Оның сөзінше, штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің  салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданған.

“Қазіргі уақытта министрліктің барлық құрылымдық бөлімдері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында”, - деп атап өтті ол.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынауда. Вице-министрдің хабарлауынша, олимпиада Ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өткізіліп жатыр.

“Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, "желшешек" диагнозының белгілері байқалды. Ұйымдастырушылармен дер кезінде тиісті шұғыл шаралар қабылданған. Аталған оқушыларға шұғыл жедел-жәрдем көмегі шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қалыпты, тиісті ем қабылдауда”, - деп жазды Шолпан Қаринова.

Ол ведомствоның басты міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.

“Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылды. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Денсаулық сақтау басқармасымен, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылды”, - деді вице-министр.

Еске салайық, осыған дейін Шымкентке олимпиадаға келіп, уланып қалған 14 оқушы дәрігерлердің бақылауында екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу