Шымкентте бір қабатты өндірістік цехтан шыққан өрттің тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өрт Шымкент қаласындағы Шымкент көшесінде болған. Оқиға орнына алғашқы минуттардан-ақ ТЖМ қызметкерлері жетіп, жедел штаб құрды. Сондай-ақ қаланың коммуналдық қызметтерімен бірлесіп, өртті сөндіру жұмыстары ұйымдастырылып, су үздіксіз берілген.
Құрылыстардың бір-біріне жақын орналасуына байланысты жалынның тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарына таралу қаупі жоғары болған.
Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде жалпы аумағы 400 шаршы метр болатын тұрғын үй мен оған іргелес шаруашылық құрылыстары оттан аман қалды.
Өрт 570 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға 76 қызметкер мен 20 бірлік техника жұмылдырылды.