Шымкент станциясындағы Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері "Саратов – Алматы" бағытындағы жолаушылар пойызында үш жасөспірімнің қауіпті әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Пойыз қозғалысы кезінде полицейлер вагон терезесінен теміржол жиегінде тұрған үш жасөспірімнің өтіп бара жатқан пойызға тас лақтырып жатқанын байқаған.
Полиция қызметкері дереу машинистпен байланысып, пойыз жылдамдығын төмендетуді сұраған. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер ұсталды.
Олар ата-аналарымен бірге Шымкент станциясындағы Көліктегі полиция басқармасына жеткізілді. Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің қатысуымен өз әрекеттерін мойындаған.
Жасөспірімдерге теміржол нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаменті өтіп бара жатқан пойыздарға тас немесе басқа да заттарды лақтыру жолаушылар мен пойыз бригадасының өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.
Полиция азаматтарды балалардың әрекетін бақылап, оларды теміржол маңындағы қауіпті жерлерде қараусыз қалдырмауға шақырды.