Шымкент қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған жер учаскесін бөлу мәселесін шешуге ықпал етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін "OxyLine" ЖШС қалада зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 750 млн теңгені құрап, 30 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Прокуратура жүргізген талдау барысында инвесторға жер учаскесін беру мәселесі бұрын Өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралғанымен, қолдау таппағаны және шешімнің жеткілікті негіздемесіз қабылданғаны анықталды.
Осыған байланысты қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде инвесторға "Бозарық" индустриялық аймағынан жер учаскесі бөлінді.
Қазіргі уақытта әкімшілік кедергілер жойылып, жоба іске асыру кезеңіне өтті.
Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік тосқауылдарға тап болған инвесторларға +7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 call-орталығы арқылы жүгінуге болатынын еске салды.