Шымкент қалалық Полиция департаменті қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен "Гарант 24" пен "ESTATE Ломбард" ұйымдарына қатысты Қылмыстық кодекстің 217 бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бүгін "ESTATE Ломбард" ЖШС-інің қалалық филиал директоры ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда Шымкент қалалық Полиция департаментінің жедел-іздестіру тобы "Гарант 24" ЖШС-інің өңірлік филиал директорын ұстау бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтер бойынша жоғарыда аталған ұйымдар өткен жылдың басынан бастап жұмысын бастаған. Олар салымшыларды қаржы салған жағдайда соманы еселеп қайтарып алуға мүмкін екенін айтып сендірген. Жарнамаға эстрада жұлдыздарын тартқан олар соңында салымшылардың мүлкін иемденіп алған.
Айта кетейік, бүгін ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидасын құрған ұйымдарды жарнамалаған жұлдыздардан жауап алынатынын, жалған ақпарат тарату мен қаржылық пирамида құру заңға қайшы екенін алға тартты.
ІІМ мәліметі бойынша, аталған ұйымдар ел азаматтарымен 42 мыңнан астам келісімшарт жасап, 5 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Іздестіру шаралары кезінде 40 млн теңге тәркіленіп алынды.
Жансая Тәуекелқызы