Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кең баба" мен "Қиял әлемі" саябағында қолданыстағы заңнаманың барлығы бұзылған. Сол себепті қайтарып алып жатырмыз. Оның орнына көпқабатты тұрғын үй салынады екен деген әңгіме жүріп жатыр. Мұның барлығы жалған. Сіздер арқылы көпшіліке айтқымыз келеді. Бұл саябақтардың орнына бірде бір көп қабатты тұрғын үй кешені салынбайды. Саябақ сол күйі саябақ болып қалады", – деді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ, ресми өкіл қалада саябақ пен аллеяларды көбейту – қала әкімдігінің алға қойып отырған негізгі мақсаты, міндеті екендігін жеткізді.
"Өткен жылы 26 саябақ пен аллея бизнестің есебінен іске қосылды. Сондай-ақ, бұл мақсатта қаладағы каналдардың барлығы тазаланып, ирригация жүйесі ретке келтіріліп жатыр", – деді ол.