Шымкентте шетелдік студентке қатысты жанжалдан кейін базар күзетшілері жазаланды

108

Шымкентте шетелдік студентке қатысты оқиға қоғамдық резонанс тудырды. 

Шымкентте шетелдік студентке қатысты жанжалдан кейін базар күзетшілері жазаланды Фото: видеодан алынған кадр

Базарда болған жанжалдан кейін жас жігіттің жеке заттары мен смартфоны тартып алынғаны белгілі болды. Нәтижесінде оқиғаға қатысы бар базар күзетшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Үндістаннан келген медициналық ЖОО-ның студенті TikTok желісі үшін бейнеролик түсіріп жүрген сәтінде жанжалға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, Шымкенттегі базарлардың бірінде видео түсіруге кедергі жасалып, кейін штативпен бірге телефоны мен сөмкесін жұлып алып, оны келемеждеген.

Қаладағы көрікті жерлер мен күнделікті өмірді позитивті қырынан көрсетіп жүрген студенттің видеоүндеуі әлеуметтік желілерде лезде таралып, көпшіліктің қызу талқысына түсті.

Қоғамдық резонанстан кейін полиция оқиғаға қатысы бар барлық адамдарды анықтап, ұстады.

– Шымкент қаласындағы базарлардың бірінде шетелдік азамат пен базар күзетшілері арасында жанжал шықты. Тексеру барысында аталған азаматтың әлеуметтік желілерде жариялау мақсатында бейнетүсірілім жасап, қатты музыка қосқаны және сатушыларды олардың келісімінсіз түсіргені анықталды. Соның салдарынан саудагерлерге қолайсыздық туындаған. Тілдік кедергінің салдарынан сатушылардың ескертулері бірден түсінікті бола қоймаған, – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Саудагерлер түсірілімді тоқтатуды және музыканың дауысын азайтуды сұрағаннан кейін базар күзетіне жүгінген. Артынша сөзбен басталған дау қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелді.

Оқиғаға байланысты құқық бұзушылар ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оларға ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.

Құқық бұзушыларға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу, бес тәуліктен он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу немесе 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылуы мүмкін.

– Сонымен қатар оқиғаға қатысушылардың барлығымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, келісімсіз бейнетүсірілім жасауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтіні туралы заң талаптары түсіндірілді. Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және дау-жанжал туындаған жағдайда оны тек құқықтық жолмен шешуге шақырады, – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу