Жаңа мегаполис тағы білім ошағымен толықты. Қалада Shymkent Business School атты мектеп ашылды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Білім орталығы "Шымкент әлеуметтік корпорациясы" АҚ мен Silkway университеті және "Ux (юкс) групп" компаниясының бірлескен қолдауымен жүзеге асып отыр.
Жаңа мектеп кәсіпкерлер мен болашақ бизнес өкілдеріне білім береді. Болашағын бизнеспен байланыстырған жоғары оқу орны студенттеріне де есік ашық. Қазірдің өзінде мұнда білім алуға ниеттілер саны 100-ден асып отыр.
"Бұл әкімнің тапсырмасы бойынша іске асырылып отыр. Қаладағы кәсіпкерлікті жандандыра түсуге сеп болады деп сенемін", – дейді , "Shymkent" ӘӘК басқарма басшысы Рашид Аюпов.
Ұйымдастырушылар мұнда тек білім алып қана қоймай, тың жобалар әзірлеу бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оған қоса, мектепте электронды сауданың жолдары жан-жақты оқытылатын болады.
Қатысушылардың жасы 18-бен 35 жас аралығында. Білім алу тегін, уақыты 15 күнге жоспарланған. Дәрістерді арнайы бағдарлама аясында білікті бизнес өкілдері жүргізетін болады. Оқуын аяқтаған әрбір қатысушыға арнайы сертификат беріледі.