Шымкентте тағы бір пәтерде жарылыс болып, Ресей азаматы зардап шекті

897

Оқиға "Нұрсат" шағынауданындағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде орын алған.  

Шымкентте тағы бір пәтерде жарылыс болып, Ресей азаматы зардап шекті

Алдын ала болжам бойынша жарылыстың орын алуына газ колонкасында көгілдір отынның жиналуы себеп болған. Бірінші қабаттағы пәтерді  Ресейдің 63 жастағы азаматы жалға алып тұрып жатыр екен. Ол жуыну үшін су жылыту қазандығын қосыпты. Жуынатын бөлмеге қайта келемін дегенше алдымен от шыққан. Кейін жарылыс орын алып, пәтердің күл-талқаны шыққан. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позиловтың сөзінше, ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Белгілі болғаны, зейнеткер денесінің 5-7 пайызын күйік шалыпты. Бірақ ер кісі ауруханаға жатудан бас тартыпты.

Көпқабатты үйдегі көршілердің сөзінше, бәрі де қас-қағым сәтте орын алған және жарылыстың күші қатты болғаны соншалық, олардың да пәтерінің терезелері шытынап, қабырғаларына зақым келген. Ауладағы жеңіл көлік те бүлінген.

Пәтер иесі Ләззат Жарқынбекова бұл баспананы ер кісіге айына 100 мың теңгеге жалға бердім және оның ешбір артық қылығы жоқ болатын дейді. Жарылыстан кейін пәтерін танымай қалған ол әзірге шығынды 10 млн-нан астам теңгеге бағалап отыр. Сонымен қатар әйел 3 жылдан бері су жылытатын қазандықты ешкім тексеріп келмеді дейді.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер мен газ саласының мамандары және де құзырлы органдар оқыс оқиғаның мән-жайы мен шығын көлемін анықтауда.

"Өрт шығу себебі – газ шаруашылығының алдын ала мәліметі бойынша белгісіз себептермен газдың жиналуы. Қазіргі таңда тиісті құжаттар толтырылды, нақты себебі анықталуда", – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Жақсыбаев.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу