Шымкентте інісін өлтірген күдікті қызметтік иттің көмегімен дер кезінде ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен демалыс күндері Еңбекші АПБ-ның "102" арнасына кісі өлімі туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту бойынша жедел-тергеу тобы үй ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапқан.
Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Полиция өкілдері күдіктіні қызметтік иттің көмегімен тапқан.
Полиция иті Грей бірден ізді анықтап, тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарған. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды. Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болған.
Бүгінде аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.