Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, жеке тұрғын үйде болған өрттен Түркістан облысы тергеу соты төрағасының бұрынғы жұбайы қайтыс болған және үш адам уланған. Оқиға орнынан керосин мен банкалар табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрттің болғанын растады.
"Алмахан қажы көшесінде орналасқан тұрғын үйдің 100 шаршы метр алаңында өрт болды. Өрт сағат 06:44–те оқшауланып, 06:59–да толығымен сөндірілді. Аталған өрт оқиғасының мән-жайы Шымкент қаласы полиция департаментінің Абай аудандық полиция басқармасымен анықталуда", – делінген ведомство ақпаратында.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады.
"Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды", – делінген ақпаратта.