Шымкентте үй тазалаушы әйелді өлтірген жасөспірімнің жазасы ұзартылды

193

Шымкент қалалық соты үй тазалауға келген әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастаған жасөспірімге қатысты үкімді өзгертті.

Шымкентте үй тазалаушы әйелді өлтірген жасөспірімнің жазасы ұзартылды Фото: canva

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот үкімімен 17 жастағы жасөспірім адам өлтіргені және ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ал мәйітті қорлау бойынша кінәсі дәлелденбеуіне байланысты ақталған. 

Іс сот алқасына прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша түскен. Прокурор ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (ұрлық) тағайындалған жазаны 1 жылға дейін төмендетуді сұраған.

Жәбірленуші тарап өз шағымында сотталғанды аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру және мәйітті қорлау деректері бойынша жазаны қатаңдатуды әрі азаматтық талаптарды толық көлемде қанағаттандыруды өтінген.

Апелляциялық алқа істі зерделей келе, мәйітті қорлау бабы бойынша кінәсіз деп тану туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

– Сот алқасы кәмелет жасына толмаған А.-ға ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен (ұрлық) жаза қате тағайындалғанын ескеріп, аталған жазаны заң талаптарына сәйкестендіріп, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын белгіленді. Сонымен қатар жазаны ұлғайтып, түпкілікті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген соттың хабарламасында.

Сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына өндірілетін моральдық зиян көлемі 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу