Шымкентте үш баланың көз жұмуына себепші болған дезинсектор сотталды

787

Жәндіктер мен тарақандарды дәрі шашып тазалаушы маман енді 5 жылын түрмеде өткізеді.  

Шымкентте үш баланың көз жұмуына себепші болған дезинсектор сотталды

Жәндіктерді улаймын деп үш бірдей бүлдіршіннің өліміне себепкер болған ер кісі сот үкімімен келіспейді. Ал сот болса, оның әрекеті абайсызда жасалынған деп барынша жеңіл жаза берілді дейді. Дезинсектордың залалсыздандырумен айналысуға лицензиясы болмаған. Оның пәтерлерді тазалауда ауыл шаруашылығында қолданатын улы химикаттарды пайдаланғаны сотта дәлелін тауыпты.

"Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында жинақталған құжаттардың, дәлелдердің жиынтығымен кінәсі толығымен дәлелін тауып отыр. Бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Және ол жазаны сот әділ жаза деп есептеп отыр. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейтін болады", – деді Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов.

Еске салсақ, бұл оқиғаның бірі өткен жылдың қарашасында орын алды. Бүтіндей бір отбасы белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен. Өкінішке қарай 4 жастағы және 10 айлық ұл бала көз жұмды. Кейін белгілі болғаны пәтердегі жәндіктерді улауға келген дезинсектор қызметінен кейін көрші пәтердегілер жан тапсырған. Араға үш ай салып, биыл ақпан айында дезинсектор жұмысынан соң тағы бір сәби қайтыс болды. Қос ұлынан айырылған отбасына сотталушы 5 млн теңге моральдық өтемақы төлейтін болды. Ал 8 айлық сәбиінен айырылған отбасы дезинсекторға кешірім беріпті. Алайда сотталушының әйелі сот үкімімен келіспейді. Айтуынша, бірінші отбасының пәтеріне залалсыздандыру жұмысы бейсенбі күні жасалған. Ал зардап шеккен отбасы жексенбі күні уланыпты. 

Айта кетейік, залалсыздандырушы маманға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берген сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу