Шымкент тұрғыны Нигара Миркасимова үш сәбиді босанды. Бұған дейін бір ұл мен бір қызға жарық дүние есігін сыйлаған жас келіншектің жасы небәрі 25-те. Осылайша ол көпбалалы ана атанып отыр. Сәбилерге Муслима, Мухлиса, Мұхаммад-Әли есімдері берілді.
Дәрігерлердің айтуынша, жас ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. Бүгін перзентханадан шығарылды. Келіншек жүктіліктің 35 аптасында босанған. Сәбилер 2000-2200 гр салмақпен туылған, ал бойлары 40-42 см болған. Келіншек табиғи жолмен бала көтерген екен. Яғни, ЭКО емес. Әйелді мамандар кесар тілігі арқылы босандырып алған.
Нигара Миркасимова іштегі балалардың үшем екенін жүктіліктің тоғызыншы аптасында білдім дейді және алғашында таң қалғанын айтады.
"Дәрігерлердің іштегі балалар үшем дегенде қатты таң қалдым әрі қуандым. Біздің әулетімізде егіздер бар. Бірақ үшем болмаған... Жүктілік ауыр өтті, енді оңай емес қой... Ата-енеммен тұрамыз. Құдай қаласа, сәбилердің қарауға отбасым қол ұшын береді",-деді үшемнің анасы.
Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері дүние есігін ашқан үшемдер саны 3-еу, ал егіздер саны 88-ге жеткен.Ал жалпы 10 мың 972 сәби дүниеге келген. Оның 5317-сі қыз , 5655-сі ұл бала.
Жансая Тәуекелқызы