Шымкентте "Үздік жастар - 2022" премиясының жеңімпаздары анықталды, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқау ережесіне сәйкес, 5 бағыт 31 номинация бойынша 14-29 жасқа дейінгі 176 үміткер байқауға қатысып, іріктелді. Комиссиясының шешімі бойынша 31 жас өз салаларында үздік деп танылды.
Жеңімпаздарға қала әкімі атынан дипломдар беріліп, арнайы статуэтка мен планшет табысталды.
Шаһар әкімі Мұрат Әйтенов түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастарды марапаттарымен құттықтады.
"Әділетті Қазақстанның жарқын болашағы – жастардың қолында. Сіздердің білім алуларыңызға, ғылыммен айналысуға, жұмысқа орналасуға, баспанамен қамтылуға және жеке бизнес бастауға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Баршаңызды тынбай ізденіп, білім алуға, тұлғалық тұрғыда дамуға, спортпен, шығармашылықпен, ғылыммен және кәсіппен айналысуға, салауатты, белсенді өмір сүруге шақырамын!", - деді ол.
Еске салайық, аталмыш байқау биыл он екінші рет ұйымдастырылып отыр.