Шымкент қаласының әкімдігі мен Отбасы банкі бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын тұрғын үй бағдарламасын іске қосады, деп хабарлайды inbusiness.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Qamqor бағдарламасы шымкенттік мамандардың баспана мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады.
"Qamqor бағдарламасы Шымкентте жұмыс істейтін барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге тең. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, одан әрі ол жылдық 3,8 пайызға дейін төмендейді. Ипотека мөлшерлемесін біртіндеп төмендету тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Алғашқы 8 жылда несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың теңге болса, кейін ол 87 мың теңгеге дейін түседі. Мұндай мүмкіндік несие төлемін отбасы үшін қолжетімді етеді", деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.