Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Отырар порталына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, пайдалануға тапсырылғанына көп болмаған бұл баспаналардың жертөлесі судан құрғамайды. "Ал жаңбыр жауса, шатырдан су ағады", дейді тұрғындар. Бұдан басқа электр жарығы күнара сөнетіндіктен, тоғыз қабатты үйде тұратын жандар жиі жеделсатысыз қалатыны да айтылған.
"Қай мердігер салғанын білмейміз. Міне, қирап жатыр, скотч жапсырып қойдық. Терезеден жел гуілдейді. Бөлмелерде де сондай. Жылуы мынау, залдың шаршы метріне мүлдем сәйкес келмейді. Біреуін ғана қойған, қалғанын жеп қойған ба, мүлдем жылымайды", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Қараханова.
Тұрғындар үйдің құрылысына ең арзан материалдарды қолданылғанын, баспаналардағы линолеумдер көгеріп, ғимараттың қабырғалары сыр бере бастағанын айтып ашынды.
"Насосты бір-бірден істетсек, мысалы, оның күші жетпейді, қуаты жетпейді. Қуаты жетпеген соң, үй деген суық. Халық шулап жатыр, түк нәтиже жоқ. Екеуін бірдей қоссақ, екеуі де күйіп кетеді. Бұған мықты – екі де екі киловатт насос керек", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қайрат Шуанов.
Осы мәселеге қатысты жергілікті әкімдік өкілі пікір білдірді.
"Терезеден су өту, тұрғын үйдің жертөлесінен су өту мәселелері кепілдік мерзімде қаралады. Біз мердігер мекемеге ақау актісін түзіп, ресми ескерту беріп, барлығын реттеп береміз. Енді бүгін ақау актісін түзіп анықталған кемшіліктерге қарай, сол объективті мерзім беріледі – 5 күн, бір аптадай", – деді Шымкент құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы Мақсат Мейманалиев.