Шымкентте жарылыстан зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оқыс оқиғадан зәбір көрген отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш (226 900 теңге) мөлшерінде қаржылай көмек беріліп, уақытша тұратын баспанамен қамту қарастырылады. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасыға тиісті материалды көмек пен тиісті құрылымдардың ұйымдастыруымен қажетті демеушілік көмектер беріледі.
Оқиға орнында болған әкім Ж.Түймебаев алдағы уақытта Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге орай жүргізілетін тіркеу жұмыстары кезінде жеке баспанасы жоқ азаматтар санын анықтап, сол арқылы апатты үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, әкім пәтер берушілер азаматтарға жалға берер алдында және жалға алатын кезде қауіпсіздік жағдайын ескеру қажеттігін атап өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, 8 қаңтар күні сағат 03:55-те ОҚО ТЖ департаментінің шұғыл кезекшілеріне газ-ауа қосындысының жарылысынан барак тәріздес салынған жеке тұрғын үйдің опырылып құлауы туралы хабар келіп түскен болатын. Оқиға орнына сағат 04:07-де бірінші болып жеке құрамында 11 адам және 2 техникасы бар жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі келіп жеткен. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде үйіндінің астынан 5 адам шығарылып, оның 4-уі тірі табылып, қайғылы жағдайдан 1 адам қайтыс болды. Бүгінгі таңда оқыс оғиғаның шығу себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде.