Шымкентте жас жігіт темекі шегемін деп ажал құша жаздады

458

Оқыс оқиға Тұран шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтерде болды.  

Шымкентте жас жігіт темекі шегемін деп ажал құша жаздады

Шымкентте көпқабатты  үйлердің біріндегі пәтерде жарылыс болды. Салдарынан 24 жастағы жігіт зардап шекті. Дәрігерлердің айтуынша, оның денесінің 40 пайызын күйік шалған. Қазіргі таңда  жағдайы ауыр.

Оқиға бүгін таңғы уақытта орын алған. Жас жігіт темекі тартпақ болып, балконға шыққан. Тұтандырғаны сол жарылыс болған. Жарылыстың күштілігі соншалық ол дауысты көрші пәтердегілер де естіпті. Айтуларынша, сол дауыстан ұйқыларынан оянған. Бұл пәтерге үш құрылысшы жігіт күні кеше ғана көшіп келген екен. Ал төтенше жағдай орын алған пәтерде зардап шегушіден бөлек тағы екі жігіт тәтті ұйқыда жатыпты. Абырой болғанда, олар өзге бөлмеде болғандықтан зардап шекпеген. Алайда жарылыстан кейін олар пәтерден кетіп қалған. Ал газ саласының мамандары бұл пәтерде газ құрылғысын орнатуға рұқсатты бермедік деп отыр.

"Бұл көпқабатты тұрғын үйде 72 пәтер бар, оның 60-сы газға қосылған. Ал жарылыс шыққан пәтер иесі газға қосылмаған, яғни иесі газ қондырғысын заңсыз өзі орнатып алған болып отыр. Демек, ол тек өзінің емес, онда тұрып жатқан тұрғындардың да өміріне қатерге тіккен болып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғын үй толығымен газдан ажыратылды. Біз Төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірге әр пәтерді жекелей тексеріп шыққан соң ғана тұрғын үйде көгілдір отын беретін боламыз. Бұл оқиға бойынша тиісті материалдарды жинақтап, құзырлы органдарға жібердік. Енді шешімді солар шығарады", – деді "ҚазТрансАймақ" АҚ-ның Шымкент қалалық филиалындағы өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Қуанышбек Жеңіс.

Айта кетерлігі, бұл пәтерді өзге біреу ипотекалық бағдарлама арқылы сатып алған көрінеді, алайда құжаттары толық рәсімделмегендіктен кілтін ала қоймапты. Пәтер иесінің інісімін деп келген жас жігіт мұнда адамдар болғанын білмедік деп отыр. Үйдің сатылуы кезінде басы-қасында жүріп, өзін осы жердегі үйлерге жауаптымын деп таныстырған ер кісі болса, қандай да бір пікір білдіруден  бас тартты. Осылайша күйік шалған жігіт пен оның қасындағы екі досы бұл пәтерге қалай кіргені сол күйі белгісіз болып отыр. Енді оны құзырлы органдар анықтайтын болады.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу