Шымкентте саябақтардың біріндегі аттракционда жасөспірім қыз жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба пайда болды. Оқиғаның 8 тамыз күні болғаны айтылған.
"Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан "Жайлаукөл" саябағына отбасыммен балаларды қыдыртуға барған едік. Біршама аттракциондарға отырып, сағат 21.00-де қызым "джампинг" аттракционында ойнап жатқан кезінде арқан жібі үзіліп, қызым құлап, қолын сындырып алды. Аталған парктің әкімшілігі кешірім сұрауға да жарамады. Мұндай жағдай атаулы паркте алдында болған", – деп жазды жасөспірімнің анасы.
Парк әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға болған сәттен бастап қызметкерлер жедел жәрдем шақырып, қызды ауруханаға жеткізуге көмектескен.
"Ата-анасымен, жақындарымен байланыс орнатып, жағдайға алаңдап отырғанымызды және кешірім сұрайтынымызды сол сәттің өзінде білдірдік. (...) Аталған джампинг аттракционы парк әкімшілігінің жеке аттракционы емес, парк аумағында қызмет көрсететін жалға алушыға тиесілі аттракцион екенін атап өткіміз келеді. Дегенмен, бұл жағдай орын алған аумақта парк әкімшілігі ретінде біз де жауапкершіліктен шет қалмаймыз және жағдайдың толық әрі объективті анықталуына мүдделіміз", – деп жазды компания.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Қаладағы аттракциондардың бірінде кәмелетке толмаған қыздың дене жарақатын алуына әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады", – делінген ресми ақпаратта.