Ауа-райының күр бұзылуы салдарынан үйлердің шатыры ұшып, электр желілері үзілген жерлерде жарық сөніп қалған, деп хабарлайды қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Қатты желден зардап шеккенде төтенше жағдай қызметінен көмек сұрап хабарласқан. Қаладағы Әл-Фараби алаңы жанында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде профнастилден жасалған шатыр ұшып, жедел жәрдем автокөлігін басып қалған. Ұшқан шатырдың көлемі 120 шаршы метрді құраған. Сондай-ақ, Циалковский мен Дулати көшелерінің бойында орналасқан үйлердің де шатырлары ұшқан. Ал, Водопьянов көшесінде орналасқан бір үйдің үстіне үлкен тал құлап, электр сымдары үзілген.
"Барлық оқиғалар бойынша Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері қызметкерлері шығып, авариялық-қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Оған 20 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Жарақат алғандар мен қайтыс болғандар жоқ. Оқиға орнына энергетика қызметінің мамандары да тартылды" делінген хабарламада.