Шымкентте жүздеген адамды алдаған ірі қаржы пирамидасы әшкереленді

73

Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті прокуратурамен бірлесіп "Аяла Голд" атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.  

Шымкентте жүздеген адамды алдаған ірі қаржы пирамидасы әшкереленді Фото: Depositphotos.com

Тергеу мәліметтері бойынша, ұйымдастырушылар зергерлік бұйымдар сатылымының желеуімен азаматтарға айына 50-60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, салымдардың толық сақталуына сендірген, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Шын мәнінде, төлемдер жаңа қатысушылардың қаржысы есебінен жүргізілген, бұл қаржы пирамидасының айқын белгісі. Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде қаржы пирамидасына 400-ден астам адам тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асқан", – делінген хабарламада.

Түскен табыс есебінен күдіктілер құрылыс кезеңіндегі тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Қазіргі уақытта сот шешімімен бұл жылжымайтын мүлікке тұтқын салынды.

Сонымен қатар, қаржы пирамидасына қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың туыстары да тартылған, олардың банк шоттары арқылы ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жүргізілген.

Қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынған.

Бұған дейін Павлодар қаласында АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде жұмыс істеген TAKORP қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот айыптау үкімін шығарғаны хабарланған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу