Жыл соңына дейін қалада 31 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шымкентте 2026 жылдың жеті айында 24 731 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Бұл жылдық жоспардың 78,8%-ын құрайды.
Оның ішінде 15 964 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 2 440 адам уақытша жұмыс орындарына тартылған. Сондай-ақ 6 327 адам онлайн платформа арқылы кәсіби білім алуға жолданды.
Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 15 302 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Кәсіби білім беру бағытында 3 660 адамды оқуға жіберу жоспарланғанымен, нақты 3 785 адам білім алуға жолданған. Осылайша жоспар 103,4%-ға орындалды.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 530 адамға қолдау көрсету жоспарланса, нақты 2 645 азамат қолдау алған. Көрсеткіш 104,5%-ды құрады.
"Бастау Бизнес" жобасы аясында 2 130 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Бүгінде жобаға 2 542 адам тіркеліп, жоспар 119,3%-ға орындалды.
Сонымен қатар 400 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Қазіргі таңда 103 адам грант иеленді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 2 336 адам жолданды.
Жалпы, бүгінгі таңда 6 535 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, Шымкенттің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары және жеке бастамалар аясында биыл 9 446 жұмыс орнын құру көзделген. Оның 9 086-сы тұрақты, 360-ы уақытша жұмыс орны. Қазірдің өзінде 9 429 адам жұмысқа орналасып, жоспар 99,8%-ға орындалды.