Шымкентте жыл басынан бері 864 науқастың өтіне операция жасалды

222

48 жастағы науқастың өт қабы жарылып, шұғыл операция жасалды.

Шымкентте жыл басынан бері 864 науқастың өтіне операция жасалды Фото: gov.kz

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада өт-тас ауруының асқынған түрімен түскен науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2026 жылдың басынан бері ауруханаға осы диагнозбен 921 науқас жеткізіліп, 864-іне хирургиялық операция жасалды.

Сонымен қатар, өт жолдарын қалпына келтіру мақсатында эндоскопиялық ретроградты холангиопанкреатография (ЭРХПГ) және эндоскопиялық папиллосфинктеротомия (ЭПСТ) әдістерімен 97 емдік манипуляция жүргізілді.

Ауруханаға ауыр халде түскен 48 жастағы науқастың өт қабы қатты қабынып, іріңдеп, жарылғаны анықталды. Дәрігерлер шұғыл реанимациялық көмек көрсетіп, аурухана бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Тайбек Сыдықовтың жетекшілігімен лапароскопиялық әдіспен күрделі операция жасады.

Мамандардың айтуынша, кейбір науқастар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермей, өздігінен емделуге тырысады. Соның ішінде шөп тұнбалары мен дәлелденбеген емдеу тәсілдерін қолдану медициналық көмекке кеш жүгінуге және аурудың асқынуына әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер аурудың алғашқы белгілері байқалғанда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу