Шымкент қаласындағы "Оңтүстік" индустриялды аймағында "Шымкент Темір" ЖШС-нің болат құю зауыты салынуда, деп хабарлайды blognews.kz.
Келер жылы іске қосылатын өндірістің жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ. Аталған зауыттың құрылыс жұмыстарын облыс әкімі ЖансейітТүймебаев арнайы барып көрді. Сонымен қоса аймақ басшысы "Оңтүстік" индустриялды аймақта орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сапар соңында облыс әкімі "Оңтүстік" индустриалдық аймағы өңірдегі аудан, қалаға үлгі болуы керектігін айтып, онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысын оң бағалады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, өңірдің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іскер азаматтарға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, аталған аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын бес мың жұмыс орнымен 85 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мұнда құны 21,4 млрд теңге болатын 46 жоба іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр.