Шымкентте қала билігі ең ірі спорт кешенін саудаға шығарды, деп хабарлайды astanatv.kz.
Ел үкіметінің қаулысына сәйкес әкімдік "Мұз сарайындағы" мемлекетке тиесілі 67 пайыз үлесін сатпақ. Қалған 33 пайызы жекеменшік "САУТС-ОЙЛ" ЖШС-нің үлесінде қала береді.
Мемлекетке үлкен спорт кешенін қамтамасыз ету оңайға соқпай тұрған көрінеді. Соңғы үш жылда нысан 40 миллион теңге шамасында зиян шеккен. Мекеме басшысы мұны коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуімен байланыстырып отыр.
Айта кетейік, мұз сарайында хоккей, мәнерлеп сырғанау, шор-трек секілді қыстық ойын түрлерінің секциялары жұмыс істейді. Мұнда мұз айдыны, үстел теннисі залдары да спорт мектептері мен жекелеген азаматтарға жалға беріледі. Жалға алушылардан түсетін табыс ай сайын 11 млн теңге шамасында. Оны өсіруге қақымыз жоқ деген спорт кешенінің директоры, бірақ бұл табыс шығындарын жабуға жетпейді дейді.
"Мен екі жылдан бері келгелі бері үш есе бізге коммуналдық қызмет көтеріліп кетті. Білесіздер, ТОО болғаннан кейін, жеке болғаннан кейін коммуналдық қызметті көтере береді. Коммуналдық қызмет, айлық сонымен бірге біздің салығымыз бар, бізде жер салығы бар, мүлік салығы бар бізде, солар көп, 3 млн, 5 млн үш ай сайын төлейміз одан бөлек. Бұл шығындардан бөлек ағымдағы жөндеулерге кеткен шығындар тағы бар", дейді "Шымкент қаласы мұз сарайы" ЖШС директоры Ермек Байдуашов.
Айта кетейік, жергілікті билік өз үлесін ағылшын әдісі бойынша саудалайды. Бәссауда ертең 30 маусымда өтеді.