Шымкенттегі "Наурыз пластиктің" ойыншықтары экспортқа шығарылады

1404

Шымкенттегі "Наурыз пластиктің" ойыншықтары экспортқа шығарылады

Шымкенттің ойыншықтары жуық арада экспортқа жол тартпақ. Соңғы уақытта кең сұранысқа ие болған өнімдер халықаралық талаптарға сай бірнеше тексерулерден өтіп, экологиялық жағынан таза деп танылған, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Қазір бірқатар мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп, халықаралық нарыққа шығу жағы қамдалуда.

Айта кетейік, "Наурыз пластик" ойыншықтары 2013 жылдан бастап саудалана бастады. Бүгінде зауыт ойыншық көліктің 10 түрі мен құрастырғыштың 5 түрін шығарады. Өнімнің әр бөлшегі жеке-жеке дайындалып, соңынан құрастыруға жіберіледі. Мамандар ойыншық жасауда баланың қауіпсіздігіне баса мән беріледі, жарақаттамайтындай жұмыр, тегіс, қауіпсіз заттар қолданылады дейді. Кәсіпорынды ашқанға дейін Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен ойыншық әкеліп сатқан зауыт қожайыны өндірісті жолға қойғанша біраз қиындықтарды бастан өткергенін айтады.

"Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша 10 миллион теңгеден астам несие алдым. Оның үстіне өзіміздің бар жиған-тергенімізді қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдік. Алайда құрал-жабдықтар мен қажетті шикізатқа қол жеткізгенімізбен, көп кедергіге тап болдық. Өйткені техниканың тілін түсініп, ұғатын маман тапшы еді. Сол кезде Қытайда білім алып, ойыншық зауытында тәжірибе жинап жүрген ұлым Наурызбекке телефон соғып, ғаламтор арқылы бар білгенімен бөлісіп тұрдық. Әйтеуір кейін ойыншықтарымызды шығардық", – дейді Рабиға Байтемірова.

Ойыншықтың сапалы, үйлесімді шығуы технологтың бағдарламасына байланысты. Компьютер бағдарламаларын жетік біліп, температура, уақыт жиілігі мен қоспа мөлшерін дұрыс, дәл қоя білу қажет екен. Бастапқыда бұл саланың мамандары болмағандықтан, кәсіпкердің жұбайы Қытайға барып, білімін жетілдіріп қайтыпты. Кейін зауыттағы жұмысшыларға үйреткен. Бүгінде өндіріс орнындағы мамандар ойыншық шығаруға әбден төселіп қалыпты.

Зауытта бүгінде 13 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, жақын күндері "Индустриалды аймақта" салынған жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өндіріс орны жыл сайын өтетін Отандық өнімдер көрмесіне қатысып, Қазақстанда жасалған ойыншықтарды таныстырып отырады. Биылғы жылы халықаралық "Экспо-2017" көрмесіне де қатыспақ ниетте. Осылайша, нарықтан сапасыз ойыншықтар бірте-бірте ығыстырылып, орнын отандық өнім басып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу