Шымкенттегі алаяқтықтың жаңа түріне жұрт жаппай алданып жатыр

Адвокаттар дабыл қағуға мәжбүр. 

Шымкенттегі алаяқтықтың жаңа түріне жұрт жаппай алданып жатыр Фото: rg.ru

Себебі, қалада бір-біріне ұқсас сипаттағы қылмыс көбейген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Адвокаттар қызметіне бірқатар азамат көмек сұрап жүгінген. Олар өзінің немесе мүгедек туысының пәтерлері кенеттен сатылып, кепілге қойылғанын айтып отыр. Ең сорақысы, құжаттарда өзге тұлғаның есімі жазылғанын кездейсоқ білгендер бар. Құқық қорғау органдарының бұл жағдайға мән бермегені де көпшілікті алаңдатады. 

Дина Тұрғынова Ресейде тұрады, бірақ Шымкентте қалған анасына қамқорлық жасап келеді. Анасына "деменция" диагнозы қойылғандықтан, оған күтуші жалдаған. Қарт әйелдің екі пәтері бірнеше рет сатылып, кепілге қойылған. Дина Тұрғынова бұл жерде күтушіні айыптайды. Ол полицияға шағымданғанымен, іс көп ұзамай жабылып қалған. 

– Менің ойымша, біреулер бұл жағдайды әдейі ұйымдастырған. Анама күтуші іздедім, себебі ол бізбен бірге көшуді қаламады. Қызығы, күтуші өздігінен табылды. 
Анамды алдамас үшін нотариусқа бардым, бірақ пәтерлер жоқ екен. Яғни, бір жыл бұрын анам күтушіге сенімхат берген, содан кейін пәтерді сатқан және банкке кепілге қойған. Ал екінші пәтерде анам жалған сенімхат жасаған, ол да қайта сатылған, жеке адамға кепілге қойылған. Мен полиция қызметіне жүгіндім. Олар құжаттарды жоғалтқандығы туралы дубликаттар жасаған, бірақ түпнұсқалары менде болды. Анамда деменция диагнозы бар, ол өз әрекеттіне қабілетсіз. Полицияда іс бір ашылып, қайта жабылды. Жоғарыдан қысым болған шығар, бұл топтың ісі болуы мүмкін, бәрі істі жасырып отыр. Сату-сатып алу мәмілелерін заңсыз деп тану керек, бәрін қайтару қажет, бірақ біреулер жағдайды әдейі осылай ұстап отыр, – дейді Дина Тұрғынова.

Полициядан көмек болмаған соң әйел адвокатқа жүгінген. Құқық қорғаушы есепте тұратын адамның іс-әрекетін пайдаланғандарды жазалауды сұрайды. 

– Бір пәтердің сенімхатпен берілгені анықталды, ал екіншісі – өзге адамға сыйға тарту шартымен табысталған. Полицияға шағым түсірілді, бірақ іс қозғалмаған, тіпті тіркелмеген. Меніңше, бұл – алаяқтың әрекеті. Таныс емес адамдарға мүлік қалай беріледі және сыйға тартылады? Менің сенімді клиентімнің анасы психикалық денсаулық орталығында есепте тұр, деменциясы бар, уақытты дұрыс бағдарлай алмайды. Бірақ біздің құқық қорғау органдары бұған көз жұмады. Сонымен қатар, бірнеше ұқсас оқиға бар және сол әрекеттерге бірдей адамдар қатысып отыр. Мұны құқық қорғау органдары тергеп, нақты шешім қабылдауы керек, – деп түсіндірді адвокат Илья Погребняк.

Сол сияқты 83 жастағы зейнеткер Жігер Сиряжев те айдың-күннің аманында пәтерінен айырылған. Ол 1964 жылы Қазыбек би көшесіндегі әлі күнге дейін тұрып келе жатқан жалғыз мүлкінің өзіне тиесілі емес екенін кездейсоқ білген.

– Маған әлеуметтік қызметкерлер келді, олар өзін солай таныстырды, көмек көрсетілетіні туралы айтты. Мен "ештеңе керек емес" дедім, ол қол қоюды сұрады. Мен бір қағазға қол қойдым, қарапайым құжатқа. Кейін бұл менің пәтерім емес екенін білдім. Сосын адвокатқа барып, көмек сұрадым. Айтуларынша, менің пәтерімді төрт түрлі адам бір-біріне сатқан. Үй 15 миллион теңгеге бағаланған, – дейді зейнеткер Жігер Сиряжев.

Тағы бір адвокат клиентінің пәтері үш рет сатылып, банкке кепілге қойылғанын айтады. Клиент психикалық диспансерде есепте тұрса да, құжаттар оның атынан жасалған.
Адвокат Александр Родцев зейнеткердің пәтері сенімхат бойынша сатылғанын анықтаған, онда иесінің қолы тұрғаны айтылған. Сондай-ақ, заңгер барлық мәмілені бір нотариустың растап отырғанын жеткізді. 

– Біздің сұрауымыз бойынша, пәтер шын мәнінде сенімхат бойынша сатылған. Кейін тағы бірнеше рет сатылып, банкке кепілге қойылған. Алайда Сиряжев әлі де сол пәтерде тұрып жатыр, оны ешкім мазаламаған. Барлық құжат бір нотариуспен расталған. Бұл құжаттарды жасақтау болып табылады. 8 қарашада құқық қорғау органдарына арыз берілді, бірақ белгісіз себептермен қылмыстық іс әлі ашылмаған. Азаматтарға ескерткім келеді, жалғыз қалған қарттар мен мүгедек адамдардың пәтерін алаяқтық жолмен қайта тіркейтіндер бар, – дейді адвокат Александр Родцев.

Құқық қорғаушылар мұндай алаяқтықтан көбіне әлеуметтік осал топтардың зардап шегетінін айтады. Олар прокуратураға шағымданып, полиция департаменті басшылығымен кездесуді жоспарлап отыр.

Облыстық Полиция департаменті Шымкентте қандай алаяқтық түрі көп таралғанын және пәтер алаяқтықтары бойынша қанша іс қозғалғаны туралы сұраққа жауап берген. Жалпы алаяқтық бойынша өңірде 1739 іс тіркелсе, соның 916-сі сотқа жеткен. Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын 766 миллион теңгені құраса, тек 19 миллионы ғана қайтарылған. Осы кезге дейін 47 алаяқтық топтың әрекеті анықталып, тоқтау салынған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу