Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған аумақта көпқабатты үйлер емес, заманауи және қолжетімді қалалық саябақ ашу жоспарланып отыр.
Бұл аумақ – тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған қоғамдық кеңістік ретінде қайта абаттандырылады.
"Кейбір тарап жатқан ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді. Тұрғын үй кешені салынбайды. Керісінше, бұл жер заманауи және жайлы саябаққа айналады", – делінген әкімдік хабарламасында.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, аталған аумақта заңсыз тұрғызылған нысандарды бұзу туралы сот шешімі бар.
"Бұрын ешкім назар аудармаған бұл аумақта біз тиісті шара қабылдадық. Сот шешімімен техникалық құжаттары жоқ 9 заңсыз ғимарат пен аттракционды бұзу тапсырылды. Қауіпсіздік талаптары сақталмағандықтан, бұл орындарда бірнеше мәрте өрт шығып, адам өліміне алып келген жағдайлар да болды", – деді Сәрсен Құранбек.
Оның айтуынша, барлық қалалық саябақтар қоғамдық кеңістік ретінде қалпына келтіріліп, халықтың игілігіне ұсынылады.
"Бұл орындар қалалық әкімдіктің теңгерімінде болады. Халыққа қызмет ететін қауіпсіз әрі жайлы демалыс орындарына айналады", – деді ол.