Қазақстан Республикасы үкіметінің 2018 жылғы 23-қазандағы N674 қаулысымен Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді, деп хабарлайды kz.otyrar.kz.
Қаланың ауасын тазартуға септігін тигізетін саябақ салуға мұрындық болған Асанбай Асқаровтың еңбегі орасан екенін күнгейліктер жақсы біледі. Тұрғындар алып аумақты алып жатқан дендрологиялық баққа қоғам қайраткерінің есімін беруді бұрыннан қолдайды.
Кезінде қаланың қоқыс тастайтын аумағы болған саябақ аумағы 1979 жылы тегістеліп, үстіне бірнеше қабат құнарлы топырақ төгіліп, ағаш егілген. Әлемнің әр түкпірінен әкеліп отырғызылған ағаштар бүгінде ну орманға айналған. Ауа тазартуға септігін тигізетін ерекше иісі бар ағаштар басым мұнда. Тек қана ағаш егіп, өсірумен ғана айналысатын емес, мұнда ғылыми орталық та бар.
Дендросаябақ отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін жерсіндіру және кешенді түрде зерттеу мақсатында құрылған. Ең бастысы еліміз бойынша ағаштарды өңірде жерсіндіруді жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып табылады.
Бүгінде дендрологиялық саябақ қалалықтардың сүйікті мекеніне айналған. Түрлі бөлікке бөлінген аумақты бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Кіру ақысы – 25 теңге.