Айыпталушы Азамат Айымбетов бұған дейін Шымкенттегі "ең адал" полиция қызметкері атанған. Қазір оған бопсалау арқылы пара алды деген айып тағылып отыр.
Арызданушы Алпамыс Сағындықов сотта түсініктеме берген бірінші куәгер болды.
Оның айтуынша, арызданушы сол күні сүйіктісі екеуі көлікпен келе жатқанда оларды Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері алкогольдік масаң күйде деген күдікпен тоқтатқан. Бұл күдік медициналық сараптама барысында расталған. Алайда рота командирі Азамат Айымбетов хаттама толтырып, құқық бұзушыны жазалаудың орнына одан 700 мың теңге талап еткен. Сағындықов алдымен ұсыныспен келісіп, ақшаны үшінші тұлғаның нөміріне аударып жіберген, содан кейін ойын өзгертіп, антикорға жүгінген. Айымбетовты ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері наурыз айының соңында ұстаған.
Сотталушы Азамат Айымбетов Шымкентке белгілі тұлға. Ол 2021 жылдың соңында бастығы полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаевқа қарсы арыз жазған. 2022 жылдың қаңтарында Айымбетов Қазақстан президентіне үндеу жолдаған еді. Сол үндеуінде Айымбетов Бұхарбаевқа жасаған қымбат сыйлықтары туралы айтқан.
Осы арыздан кейін полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот материалдарына сәйкес, Айымбетов оған 3 миллион 194 мың теңгеге сыйлық жасап, бастығының үйіне жиһаз, фирмалық киім, iPhone телефоны, шырша алып берген.
Осы оқиғадан кейін оның адвокаты Талғат Есімов әлеуметтік желідегі жазбаларында Айымбетовты "адал полицей" деп атай бастады. Ол Азаматтың тәртіп бұзған жүргізушілерді қалай ұстап, 1 миллион теңге парадан бас тартқаны туралы жазған. Осындай бір оқиғасы үшін Айымбетовті тіпті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали, сонымен қатар Шымкент қалалық ІІБ бас бастығы Думан Таев та марапаттаған.
Айымбетовке қатысты келесі сот отырысы 12 маусымға белгіленген.