Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте 321 млн теңге жымқырылған

115

Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді. 

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте 321 млн теңге жымқырылған Фото: Бейнежазбадан

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейінен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық қатысушылар арасында бөлінген.

"Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған. Нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру мақсатында күдіктілер тозған тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан формалды түрде есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалануды жалғастырған. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуі тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген. Салдарынан мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", – делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу