Шымкентте оқушылар төбелесті: қызғаныштан туған жанжал қылмыстық іске ұласты

106

Қақтығысқа қатысқан барлық тұлғалар ұсталды.  

Шымкентте оқушылар төбелесті: қызғаныштан туған жанжал қылмыстық іске ұласты Фото: todayinfo.kz

Шымкент қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында болған жасөспірімдер төбелескен. Олар қару қолданды деген қауесет қылмыстық іс қозғауға себеп болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде 21 қараша күні Mega Planet СОО маңында 4 жасөспірім құрдастарымен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан. Сондай-ақ қатысушылардың бірі тапанша шығарып, оқ атты деген болжам айтылған. Қала орталығында мұндай оқиғаның болуы қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Полиция департаментіне қақтығысқа қатысқан кәмелетке толмағандардың әкесінен арыз түсті. Ведомство оқиғаға ресми түсініктеме берді.

– Қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлдарына дене жарақаты келтірілгені жөніндегі арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар заңды өкілдерімен бірге жедел түрде ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.

Алдын ала анықталғандай, жасөспірімдер бұрыннан бір-бірін таныған және олардың арасында қызғаныш негізінде жеке жанжал туындаған.

Полиция тергеу жұмыстарын жалғастырып, бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, қатысушылар мен куәгерлерден жауап алынып жатыр.

Қақтығысқа қатысқан жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. Олардың ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу