Шымкентте жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қатысушылары астан жаппай уланды, деп жазады inbusiness.kz.
Оқиға туралы блогер Ілияс Мыңжасаров өзінің Facebook парақшасында айтты.
“Қатысушылардың бірі маған айтып өткендей, олардың көпшілігі Мұхтар Әуезов атындағы университетке орналастырылған. Олимпиадаға қатысушылардың жаппай улануы байқалады. 15 адамды жедел жәрдем алып кетті. Олимпиада қатысушысының жатақханадағы көршісін бүгін түнгі сағат 3-те алып кетті”, - деп жазды блогер.
Бұл жазбаның астына Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Мереке Амангелдіқызы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Оның сөзінше, жұқпалы аурулар ауруханасына 12 бала түскен.
“Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша вице-министр Шолпан Қаринова, орта білім комитеті төрағасының орынбасары және балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы бастаған жұмыс тобы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін аттанды.
21 наурыздың аяғында олимпиадаға қатысқан 904 оқушының 12-сінде температураның жоғарылауы, ішек-асқазан жолдары жұмысының бұзылуы сияқты белгілер пайда болды. Жедел жәрдем дәрігерлерінің тексерісінен соң балаларды Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізу жөнінде шешім қабылданды. Бүгінгі таңда оқушылардың жағдайы тұрақтанды. Шаһардың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі оқиғаның себептерін анықтау үстінде. Балалар медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ министрліктің бақылауында. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті бұл қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетеді. Жұмыс тобы әр сұрақты мұқият зерттейді. Бұл жағдай оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында”, - деп хабарлады Мереке Амангелдіқызы.
Бұдан бөлек аталған оқиғаға байланысты олимпиаданы өткізетін "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы да жауап берді.
Орталықтың мәліметінше, ауруханада жатқан 12 бала олимпиаданың екінші турына қатыса алмаған.