Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығы маңында "Шатқал" бағдарламасы аясында Юнус Эмре атындағы саябақтың іргетасы қаланды. Шараның ашылу салтанатына ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, саябақтың алғашқы шыршасын отырғызды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Юнус Эмре саябағының жалпы аумағы 25 га. Алдағы уақытта мұнда 4 мың түп көшет отырғызылып, 4 балалар алаңы салынбақ. Бұдан бөлек, шахмат және дойбы алаңы, 1 шақырым веложол төселмек. Сондай-ақ 1 амфитеатр, 8 субұрқақ, 3 кафе және жазғы демалыс орындары, спорттық жаттығу алаңдары бой көтереді.
"Бүгін біз "Шатқал" бағдарламасы аясындағы үшінші саябақтың іргетасын қаладық. Бұл Наурыз мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына тарту ретінде ұсынылып отыр. Алдағы уақытта дәл осындай 14 саябақтың іргетасы қаланады. Енді ашылатын саябақтарға шығыстың Фараби, Фердауси, Физули сынды атақты ғұламаларының есімдерін беруді ойластырып отырмыз. Ондағы мақсат – саябақтарды халықтың тек демалыс орны емес, рухани ләззат алып, серпілетін мәдени мекенге айналдыру", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Саябақтарда атақты ақын, ғұламалардың еңбектері тасқа қашап жазылып, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеуге септігін тигізбек. Бүгін алғашқы ағаш отырғызылған саябаққа түрік ақыны, философ, ағартушы Юнус Эмре есімінің берілуі де тегін емес. Биыл "Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы" мәртебесін иеленіп, барша бауырлас ұлттың ынтымағы ұйыған ордасына айналып отыр. Оның үстіне, Юнус Эмре Қожа Ахмет Иассауидің жолын қуған түрік ақыны. Ақын бар ғұмырын ислам қағидаларын Иассауи жолымен халыққа түсіндіру үшін арнаған.
Демалыс орындары өңір тұрғындарының таза ауада тынығып, демалуы үшін жасалып жатқанын айтқан әкім оның тазалығы мен дамуына бірлесе күш салу қажет екенін айтып өтті.
Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша алдағы уақытта қалада 600 га шатқалды жерді демалыс орындарына айналдыру жоспарланып отыр.