Шымкенттік балықшы пиранья аулап алған

1408

Жыртқыш балықтың бұл түрі Бадам өзені аумағынан табылыпты.  

Шымкенттік балықшы пиранья аулап алған

Шымкенттік Жеңіс Үзденбаев үйінің жанындағы Бадам өзенінен ара-тұра балық аулап, күнделікті ас-ауқат етіп жүреді. Бұған дейін балықтың мөңке түрін аулап келген ол қармағына жыртқыш балық түскенде не қуанарын, не жыларын білмеген.. Айтуынша, салмағы екі келіге жуық балық сыртқа шыққанда тіпті қармағы сынып кете жаздаған. Жыртқыш балықтың 5-6 жастағы бүлдіршіндікіндей тістері де бар.
"Түскі уақыттарда  осы балық түсті. Бұл карась балығының  үлкені ме деп ойладым. Бірақ, үлкеніне ұқсамайды, былай қарасаң көкшіл-ақшыл жылтыр. Тістері адамдікіне ұқсайды. Таныстарымнан сұрастырған кезде пиранья балық болуы мүмкін деп айтты. Содан қорқып қалдым, себебі балаларым сол маңда суға шомылады. Балықтың түрін ажырата алатындар "бұл Амазонка өзенінде болатын балық. Біздің елде жоқ, Қазақстан бойынша жоқ балық ұстапсың" дегенді айтты. Өзім әлі таң қалып отырмын",-деді Шымкент тұрғыны. 
Мамандардың сөзінше, балық расында пиранья тұқымының ішіндегі Қара Паку деп аталатын түрі. Латын Америкасын мекендейді. Шымкент зоологиялық бағы мамандарының пікірінше, пиранья 14 градусқа дейінгі  жылы суларда өмір сүреді. Алайда, Бадам өзені суының 8 градустық температурасында бұл балықтың қалай өліп қалмағаны мамандарды да таңқалдырып отыр. Бадам өзенінде бұл балық бәрібір биылғы қыстан аман шықпас еді деп отыр мамандар. Егер жыртқыш балық  Амазонка өзенінде болғанда салмағы 40 келіге дейін өседі екен.  Бұл балықтың Бадам өзеніне қалай келгенін ешкім дөп басып айта алмайды.  

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу