Шымкенттік еріктілер қала тұрғындарына медициналық маска таратты

3546

Ерікті жастар коронавирусқа байланысты  жарияланған төтенше жағдай кезінде өзгелерге осылайша көмек беруді жөн санаған.

Шымкенттік еріктілер қала тұрғындарына медициналық маска таратты

Еріктілер демалыс орындары мен аялдамаларды, қоғамдық көліктерді аралап, тұрғындарға 1000 дана медициналық масканы тегін таратты. Сонымен қатар белсенді жастар шымкенттіктерге әлемді дүрліктірген коронавирустың алдын алу шаралары туралы ақпарат беріп, арнайы насихаттық парақшаларын да ұсынды. Кеткен шығын қаланың қайырымды жандарының есебінен өтелген. Еріктілер әлемдік пандемия кезінде қолдан келгенше жанашырлық таныту – міндетіміз деп отыр.

"Өздеріңіз білесіздер, коронавирустың қаупі күн өткен сайын еселеніп отыр. Әлемнің қаншама еліне тарап үлгерген вирус біздің елді де айналып өтпеді. Дәл қазіргі таңда біздегі дәріханаларда медициналық маска тапшылығы сезіліп отыр. Өйткені күн өткен сайын бетпердеге сұраныс артуда. Осыған байланысты біз, ерікті жастар тұрғындарға медициналық маска таратып, қауіпті індеттен сақтану шараларын халыққа түсіндіруді өзімізге парыз санадық",– деді Шымкент қалалық "Жастар ресурстық орталығы" басшысының орынбасары Жани Қамбар.

Бұдан өзге шымкенттік жастар "Жанға жылу" акциясы аясында жалғызбасты 50 қарияға азық-түлік себеттерін тарту етті. Онда әлеуметтік маңызы бар бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бар.

Еріктілер мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп отыр.  

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу