Шымкенттік өнертапқыштар қарамал қиынан биогаз алатын модульді жүйені ойлап тапты

1314

Шымкенттік өнертапқыштар қарамал қиынан биогаз алатын модульді жүйені ойлап тапты

Жобалары бұқарадан қолдау тауып жатса, "ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысуға ынталы.

Оңтүстік Қазақстан облысында қарапайым инженер мен дәнекерлеуші қарамал қиынан биогаз алатын модульді жүйені ойлап тапты.  Бұл жобаның ерекшелігі –  қондырғы толықтай қолмен құрастырылған.

Қос маман 30 тонналық алғашқы реакторды ашық аспан астында құрастырып, қолданысқа енгізіпті. Қондырғының құрылымы бір қараған адамға өте қарапайым.  Кәдімгі қиға су қосылып, жабық бөшкенің ішінде араластырылады. Сол кезде оның құрамындағы метан бөлінеді. 1 тонна биомассадан 27 шаршы метан алынады екен. Бөшкедегі газ 18 күн бойы жанып тұрады.

"Модульді жүйе шағын ауыл мен өндірісті тұтастай газбен қамтуға жетеді", – дейді өнертапқыштар.

"Бұл қондырғы ауа райын талғамайды. Яғни жыл 12 ай жұмыс істей береді. Шикізат ретінде тек ірі қара малдың қиын ғана қолданамыз", - дейді инженер-электроншы Салауат Дауылбаев.

Өнертапқыштың айтуынша, метанның тазалығы 75-80%. Бұл оңайлықпен көзге көрінбейді. Жаңа жүйенің сызбасын өздері жасаған. Цистернаның ішіне қиды араластыратын ұзындығы 8, ені екі метр болатын білте темірі мен қалақша орнатылған. Көбіне шірімейтін темір қолданылған. Дәнекерлеу жұмысы асқан ұқыптылықты қажет етеді екен.

"Дәнекерлеу жұмыстарынан кейін иненің жасуындай тесік қалса, бар жұмыс зая кетеді. Осы биомассаны болашақта өзінен шыққан газдан және өзінен шыққан жарықпен өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға жеткіземіз", – дейді дәнекерлеуші Аслан Тұрсынханов.

Өнертапқыштар биомассаны алдағы уақытта ауыл және жылыжай шаруашылығында қолданып көрмекші.  Олардың болжамдарына сай 30 күн бойы бөшкеде тұрған биотыңайтқыш жердің құнарын 25-30%-ға арттыратын көрінеді.  Құрамындағы зиянды заттары алынған қи себілген жерге арамшөп те шықпайды екен. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген.

"Қазір жобамызға ғаламтор арқылы басқару жүйесін енгізуге талпынып жатырмыз. Егер жоспарымыз іске асса, өндіріске шығаруды қолға аламыз. Бұл үшін жобамыз жергілікті билік тарапынан қолдау табуы керек. Бағасы да шетелдікінен әлдеқайда арзан" , – дейді  Салауат Дауылбаев.

Жасыратын несі бар, бүгінде ауыл шаруашылығында отандық тыңайтқыштар мен өсімдікке қажетті дәрі-дәрмектер жоқтың қасы. Барының өзі мардымсыз, сапасы да сын көтермейді. Ал, шетелдік тыңайтқыштардың бағасы аспандап тұр.

"Мына екі жігіт ойлап тапқан биотыңайтқышты қолданып көруге асығып жүрмін. Көктемгі егістік алқабыма аз да болса сеуіп көріп, пайдалы болып жатса, неге сатып алмасқа. Шындығында биотыңайтқыштың жарнамасын жасау менің үлесіме тигелі отыр", – дейді өнертапқыштың көршісі Есмұқан Қалыбеков.

Өнертапқыштар биылғы жылы Астана қаласында өткелі отырған "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне қатысуға да ынталы болып отыр. Егер іріктеу кезеңіне дейін жобалары жұрттан қолдау тауып жатса, көрме қонақтарының назарына ұсынуға дайын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу